Қоғамдық қызметі

Қызылордада қыздар форумы өтті

Қызылордада қыздар форумы өтті

20 желтоқсанда облыстық «Қыз – елдің көркі» атты қыздар форумы өтті.

Шара Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен Қызылорда облысының Әйелдер күші альянсының қолдауымен ұйымдастырылды. Оған 16-20 жас аралығындағы қыздар қатысты.

Қазіргі кезде облыс бойынша 113 Аналар кеңесі жұмыс жасайды. 2014 жылы құрылған кеңестер жұмысының бір бөлігі - қыздар тәрбиесі. Осы жылы «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты ақпараттық-насихаттық жобасы жүзеге аса бастады.

Отбасыдағы балаларды ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеу, отбасы мәртебесін нығайту, елімізде ажырасу көрсеткішін төмендету – бұл мәселелер «Nur Otan» партиясы фракция мүшесі, облыстық мәслихатының депутаты ретінде үнемі менің назарымда болады. Осы жолы да форумға қатысып, қыздармен сырласып, өзі пікірімді білдірдім.

Біздің мақсатымыз - қаракөз қазақ қыздарының бойына халықтық тәлім-тәрбие негізінде жан сұлулығын қалыптастыру жолдарын көрсету. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі – біздің қазақ».

Ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Қазақ халқы өрісін кеңейтер қыз баланың тәрбиесін басты назарға алып, сыпайы, ізетті де ісмер, қылықты болуын қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркелетпеген. Қызға «жат жұрттық» қонақ ретінде жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген.

Тарихқа зер салсақ, халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған. Айналасына шуақ шашқан Домалақ ана, ұлы Абайдың тәрбиешісі болған данагөй әжеміз Зере, анасы Ұлжанды қалай айтпасқа?

«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, оның жүріс-тұрысы мен киім киісі – тәрбиенің негізі. Кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Күн көрістің қамы дейміз бе, жоқ әлде жұмысбастылықтан ба бала тәрбиесіне көңіл бөлу азайғандай.

Қыз отбасында анаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Оны болашақ өмірге дайындайтын да сол анасы.

Бір ғана мысал алайық, анам мені үй шаруасына бейімдеу үшін «бір жағымда жүр» деп кішкентайымнан үй жұмысына араластырып өсірді.
Мен осылайша анамның жанында жүріп, көзбен көріп, біраз нәрсені үйрендім.

Айтып істеген бір бөлек, көзбен көргенің жадыда жақсы сақталатыны бар емес пе?!

Міне, анамның сол кезде үйреткен дүниесі енді кәдеме жарап жатқанына көзім жетті. Болашақ өміріме қажетті азықты бала күнімнен үйреткеніне қуанамын. «Ана көрген тон пішер» деген осы болса керек.

Өз ойым, отбасындағы қыз тәрбиесіне тек ана жауапты деген дұрыс емес. Әкенің де қыз бала тәрбиесінде атқаратын рөлі зор. Бала күнімізде әкеміздің қабағынан именетінбіз.

Әкеміз бетімізге қарсы келіп қатты сөйлемейтін. Жәймендеп анамызға айтқан. Оның «әкелерің айтып жатыр» деген бір ауыз сөзі бізге жеткілікті болатын. Содан сап тыйылатынбыз.

Ал, қазіргі әкелер қыздарына қалай тәрбие беріп жатыр? Оның тәрбиесінде қатаңдық керек пе? «Қызға қырық үйден тыйым» дейді дана халқымыз. Сол себепті қыз тәрбиесінде кей дүниеден тыйып ұстағанымыз абзал деп ойлаймын.

Қазір қазақ қыздары өзгешелеу. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады. Ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау, пәктік тазалығы сияқты қасиеттер ысырылып бара жатқандай.

Форумда қыздар мәселелері жан-жақты талқыланды, тіптен ерте жүктілік, жігіттердің қыздарды алдап кетуі, тығырыққа тірелген, өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр болған қыздар, ажырасып жатқан жас отбасылар, тағысын тағы көптеген өзекті сұрақтар қамтылды.

Алдағы уақытта да бұл бағытта белсенді жұмыстар жасалатыны шешіліп, көптеген ұсыныстар қабылданды.
Made on
Tilda